Бүгін – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің ұжымы үшін аса қуанышты күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен Астана төрінде өткен педагогтер съезінде аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған жеті мұғалімнің бірі – біздің әріптесіміз Айжан Байкенқызы. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі»,- деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей Мұғалімнің қоғамдағы еңбегі орасан. Ал еңбектің еленуі ұстаздың қадір-қасиетін тіпті, арттыра түсері сөзсіз. Қырық жылдан астам саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Байкенқызы шынымен де, бұл марапатқа әбден лайық. Оның шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жеңімпаздар легінен көрініп жүр. Мұғалімге ілтипаты зор елдің ұтары көп екені айтпаса да түсінікті.