«ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін қолымызға алып, быт-шытын шығарсақ, ол – ұнамды іс болмас» деп келешек ұрпаққа аманат айтып кеткен қазақтың асыл перзенті Ахмет Байтұрсынұлының бүгін туған күні. Сонымен қатар 5 қыркүйек – елімізде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі. Осыған орай мектебіміздің оқушылары арасында қазақ, орыс, ағылшын пәні мұғалімдері танымдық іс-шара өткізді. Кабинет есіктеріне грамматикалық тапсырмалар ілініп, қоңырау уақытында оқушылардың білімі тексерілді. Ал викториналық сұрақтарға жауап берген жеткіншектерге тәтті-дәмділер үлестірілді. Сондай-ақ, қазақ тілі пәні мұғалімдері жоғары сынып оқушыларына «Мағжан Жұмабаев – заманның заңғар тұлғасы» тақырыбында диктант жаздырды. Тағы бір айта кететін жайт, бүгінгі мерекеге орай Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада облыс орталығының қазақ мектептері оқушыларының арасында өткен «Өнер алды –қызыл тіл» атты білгірлер турнирінде біздің оқушыларымыз топ жарып, 1-орынды иеленіп қайтты.